Қоғам • Кеше

Түнгі уақытта тыныштық бұзған 6 мыңнан астам павлодарлық анықталды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар облысында түнгі уақытта тыныштықты бұзған 6244 факті тіркелген. Бұл 2025 жылдың басынан бергі көрсеткіш. Айқай-шу шығарған тұрғындардың барлығы жауапкершілікке тартылған, деп жазады Egemen.kz.

Түнгі уақытта тыныштық бұзған 6 мыңнан астам павлодарлық анықталды

Фото: Polisia.kz.

Өткен түні Павлодарда бірнеше оқиға тіркелді. Түнгі сағат 03:54-те көпқабатты үй тұрғынынан полицияға хабар түскен. Ол көрші пәтерде музыка қатты ойнап жатқанын жеткізген. Дереу жеткен полицейлер микрофонмен ән айтылып жатқан туған күн отырысын анықтаған.

Осыған ұқсас шағыммен тағы бір тұрғын жүгінген. Оның айтуынша, көрші тұратын көпбалалы отбасында ішімдік ішіледі, ұрыс-керіс сөздері қатты естіліп жатады, ал көршілердің тәртіп сақтауға шақырған ескертулеріне құлақ аспайды. Сол көршілер тыныштықты жиі бұзу арқылы балалардың ұйқысын бұзып, мектептегі үлгеріміне зиян тигізіп жүр.

Осы ретте полицейлер көршілер түнгі уақытта жүйелі түрде тыныштық пен қоғамдық тәртіпті бұзса, полицияға шағымдануға болатынын ескертті.